Қазақстандық оқушылар АҚШ-тағы дрон-футбол чемпионатында бірінші орын алды

Super Pilot дисциплинасында Астаналық тоғызыншы сынып оқушысы үздік атанды

Жаңалықтар

Қазақстаннан бес команда Палм-Спрингсте өткен FIDA USA Drone Soccer Championship халықаралық чемпионатына қатысты. Оқушылар екі дисциплинада алтын медальмен елге оралды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Super Pilot дисциплинасы бойынша жеке есепте Астаналық тоғызыншы сынып оқушысы Амантай Арсен бірінші орын алды. Екінші орынды сол қаладан келген сегізінші сынып оқушысы Хайралла Айсұлтанға берілді.

Drone Soccer Class 20 командалық есебінде қазақстандық дроноводтар барлық жүлделі орындарды (1-ден 3-ке дейін) иеленді. Чемпионатқа әлемнің 17 елінен 100-ден астам команда қатысты.

Мен үшін бұл қазақстандық дрон-футболдың алғашқы үлкен халықаралық жеңістерінің бірі.
Әлихан Рыспай, Kazakhstan Drone Soccer Association директоры

Дрон-футбол – бұл спортшылар дронды дөңгелек қорғаныш қаптамада басқаратын командалық спорт түрі. Матчқа 10 адам қатысады: әр жақтан 5 адамнан. Ойынның мақсаты – дрон арқылы қарсыластың сақинасынан өтіп, гол соғу.