Каспий түбімен 380 шақырым оптикалық-талшықты кабель: Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы маңызды цифрлық хабқа айналады
Транскаспийлік ВОЛС өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады
«Қазақтелеком» және AzerTelecom мамандары Каспий теңізінің түбіне 380 шақырым оптикалық-талшықты кабель төседі, осылайша Транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісі (ВОЛС) іске қосылды. Бұл туралы ұлттық байланыс операторының басқарма төрағасы Бағдат Мусин мәлімдеді.

Қазақстан үшін бұл Азия мен Еуропа арасындағы маңызды цифрлық хаб болуға тағы бір қадам. Жаңа бағыт халықаралық деректер транзиті, біздің Деректер орталықтары алқабын дамыту және ірі технологиялық компанияларды тарту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Транскаспийлік ВОЛС 15 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның әзербайжандық әріптесі Ильхам Әлиевтің қатысуымен іске қосылды. Жаңа инфрақұрылым халықаралық байланыстың тұрақтылығын арттырады.
Каспий түбімен өтетін кабель 64 оптикалық талшықтан тұрады. Желінің өткізу қабілеті 400 Тбит/с-тан асады. Ақтау — Стамбул бағытындағы кідіріс бар болғаны 34 миллисекундты құрайды. Таяу жылдары транзиттік трафик көлемі 21,6 Тбит/с-қа дейін өседі деп күтілуде.
Транскаспийлік ВОЛС құрылысы 2025 жылы басталды. Жобаны іске асыру үшін теңіз зерттеулері жүргізіліп, қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз етуді ескере отырып, кабель төсеу маршруты келісілді.











