Sadyk-bereke компаниясы Түркістан облысының Сарыағаш ауданында қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін зауытты пайдалануға берді. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1 мың тонна қайта өңделген қағаз қалдығын құрайды, деп хабарлады Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Министрлік кәсіпорынның іске қосылуы Түркістан облысындағы макулатураны қайта өңдеу көлемін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. Жобаның құны 64 млн теңгеге бағаланады.
Зауытта қағаз қалдықтарынан жұмыртқа науалары жасалады. Алдымен қағаз, картон және газеттер сұрыпталады, ламинатталған мұқабалар жарамсыз деп бөлінеді. Содан кейін қалған материалдар ұсақталып, оларға су қосылады, қалыпталады және кептіріледі.
Қайта өңдеуді тікелей өңірлерде дамыту қалдықтармен жұмыс істеудің тұрақты инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етеді.
«Sadyk-bereke» жобасы қалдықтарды қайта өңдеу саласында Түркістан облысының өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтеді, деп түйіндеді ведомство өкілдері.