KazFeltec компаниясы Қазақстанның төрт өңіріндегі фермерлерден шикізат сатып алып, қой жүнін терең өңдеуді жолға қойды. 2025 жылы Ақтөбе облысында ашылған зауыт отандық мал өсірушілер үшін жаңа өткізу нарығын қалыптастыруда. Бұл туралы республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаға барлығы 5,3 млрд теңге инвестиция салынды. Өңдеу қуаты 3,6 мың тонна қой жүнін құрайды. Зауыт шикізатты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының шаруашылықтарынан алады.
Осылайша, өндірістің іске қосылуы мал шаруашылығы өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және елдің бірнеше өңірінен шикізатты өңдеуге тартуға мүмкіндік берді.
Өндірістік желі CORMATEX озық итальяндық жабдығымен жарақталған. Онда жылына 2,2 мың тоннаға дейін дайын тоқыма емес материалдар шығарылады. Одан экологиялық таза жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіріледі.
Өнім құрылыс, жиһаз және басқа да салаларда сұранысқа ие. Қазіргі уақытта KazFeltec бұйымдарды Қазақстан нарығына жеткізуде және оларды экспортқа жіберуді жоспарлап отыр.