Пойыз жолаушылары ұзақ сапарлар кезінде Aitu мессенджерін (қазақстандық BTS Digital компаниясының әзірлемесі) тегін пайдалана алады. Бұл теміржолдағы интернет-инфрақұрылымның дамуы арқасында мүмкін болды. Бұл туралы ҚТЖ баспасөз қызметі хабарлады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ серіктестерімен бірлесіп, жолдағы уақыт жайлы өтуі және жақындармен байланыс үзілмеуі үшін жолаушыларға заманауи жағдай жасауда.
2026 жылдың қазан айында ҚТЖ жолаушылар пойыздарының 1 500-ден астам вагонын Starlink жоғары жылдамдықты жерсеріктік интернетімен жабдықтау жоспарын жариялады. Бір ай бойы саяхатшылар интернетке тегін қосыла алды.
Енді пайдаланушылар Aitu-да тегін тілдесе алады. Мессенджерде хабарламаларды қазақ тілінен орыс тіліне және керісінше автоматты түрде аудару функциясы, ақша аударымдары және тікелей чатта электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы құжаттарға қол қою мүмкіндігі қолжетімді.
Aitu мессенджері 2018 жылы іске қосылды. Кейін қосымша SuperApp мәртебесіне ие болып, оған әртүрлі сервистер мен шағын қосымшалар біріктірілді. 2025 жылдан бастап мемлекеттік қызметтер бойынша азаматтармен байланыс осы платформаға көшірілді.