Қазақстанның Көлік министрлігі «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолының жаңартылған 11-ден 100-шақырымға дейінгі учаскесі (ақылы «Қандыағаш – Мақат» тасжолының құрамына кіреді) есебінен ақылы автомобиль жолдарының желісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Жол жүру ақысы сараланған болады. «Ақтөбе – Қандыағаш» бағытының 11-ден 87-шақырымға дейінгі учаскесінде барлық көлік түрінің, соның ішінде жеңіл автокөліктердің жүргізушілері жолақысын төлейді. 87-ден 100-шақырымға дейін және одан әрі «Қандыағаш – Мақат» тасжолы бойымен тек автобустар мен жүк көліктерінің жүргізушілерінен ғана ақы алынады.
Қанша төлеу қажет
Құны көлік құралының (КҚ) санатына, оның жүк көтергіштігіне, жүріп өткен қашықтығына және төлем тәсіліне байланысты. Маңайдағы аудандардың тұрғындарына жеңілдікті абонементтер (1 АЕК бағасымен) берілетініне уәде берілді. Жергілікті автобустар мен жүк көліктерінің жүргізушілері үшін тариф санатына қарай айына 5 АЕК-ке дейін немесе жылына 12-ден 60 АЕК-ке дейін құрайды.
Қаражат неге жұмсалады
Қазақстан Көлік министрлігінің баспасөз қызметі барлық түскен қаражат жол инфрақұрылымын ұстауға және жөндеуге, арнайы техника сатып алуға бағытталатынын мәлімдеді. Өзгерістер бұйрық ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.