Алматыдағы WCMSE–2026 конгресінде механика мен робототехникадағы озық жетістіктер талқыланды

Іс-шара 18 елден келген ғалымдар мен өнеркәсіп өкілдерінің басын қосты

WCMSE–2026 механик-ғалымдар мен инженерлердің дүниежүзілік конгресі 3–5 қараша аралығында Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өтуде. Іс-шара алаңына әлемнің 18 елінен 500-ден астам ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері жиналды. Бұл туралы Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Конгресс сонымен қатар Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының, Ө. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қолдауымен ұйымдастырылды. Конференцияның басты мақсаты — механика, робототехника және цифрлық технологиялар саласындағы озық ғылыми жетістіктерді талқылау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту.

WCMSE–2026 барысында математикалық модельдеу және машиналық оқыту әдістемелері, өнеркәсіпке арналған жасанды интеллект технологиялары таныстырылды. Сонымен қатар мамандар жаңа инженерлік кадрларды даярлау және ғылыми ізденістер нәтижелерін өндіріске енгізу тақырыбын қозғады.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қазақстандық ғалымдар экономика үшін басым салаларда жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, олар автомобиль жолдарының қызмет ету мерзімін ұзарту бағдарламаларына қатысады, сирек және сирек жер металдары негізінде жаңа материалдар әзірлейді, DeepBAS цифрлық ЖИ-платформасының көмегімен су ресурстарын басқаруға жәрдемдеседі және SeismoAI RiskNet жүйесінің арқасында сейсмикалық қауіптерді бағалайды.

Ол сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, зерттеулердің барлық кезеңдерінде ЖИ енгізу және ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіптік қолданысқа дейін жеткізу академия қызметінің негізгі басымдықтары болып табылатынын атап өтті.
Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Конгресс аясында ғылыми-техникалық көрме жұмыс істейді, экспозицияға 100-ден астам бұйым енді. Бұл — өнеркәсіпке арналған әзірлемелер, машиналар мен механизмдердің тәжірибелік үлгілері, робототехника.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі WCMSE–2026 іргелі ғылым мен практикалық инженерияның байланысын нығайтудың және өнеркәсіптік әлеуетті арттырудың маңызды алаңына айналғанын атап өтті. Конгресс басқа елдердің кәсіпорындарымен технологиялық серіктестікті дамытуға серпін береді, деп қорытындылады министрлікте.