2026 жылы Қазақстандағы стартаптар саны 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5 есеге артып, 1500-ден асты. Бұл туралы RISE Research & Advisory аналитикалық агенттігі Astana Hub технологиялық хабымен және Sapa Group-пен бірлесіп жүргізген зерттеуінде айтылған, оның нәтижелері Астанадағы AI & Digital Bridge 2026 көрмесінде таныстырылды.
Зерттеу экожүйенің ағымдағы жағдайын объективті бағалауға, одан әрі өсу бағыттарын көруге, ал мемлекеттік органдарға, инвесторларға, корпорацияларға және нарықтың басқа қатысушыларына неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Сарапшылардың деректері бойынша, ағымдағы жылы венчурлық қаржыландыру көлемі 460 млн доллардан асуы мүмкін. Инвесторлар 200-ден астам компанияға қаражат салды, оның ішінде 45-і 1 млн доллардан астам қаржы алды. Бір Higgsfield AI компаниясы бірегей мәртебеге ие болды (оның нарықтық құны 1 млрд доллардан асты).
Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясына сәйкес, 2029 жылға қарай кем дегенде 3 қазақстандық бірегей компания әлемдік нарыққа шығуы тиіс. Сонымен қатар, IT-қызметтер экспорты ұлғаяды. Мәселен, 2025 жылы қазақстандық әзірлеушілер басқа елдердегі тапсырыс берушілерге 1,1 млрд долларға цифрлық өнімдерді іске асырып, қызметтер көрсетті.
Зерттеуде 380-ге жуық стартап өз еңбегін ақшаға айналдырғаны айтылған. Оның 76%-ы өнімді іске қосқаннан кейін 1 жыл ішінде, ал 52%-ы жарты жыл ішінде алғашқы кірістерін ала бастаған.
Отандық стартап командалары жұмыста жиі AI-технологияларды қолданады. AI-ды өз өнімдеріне компаниялардың 82%-ы енгізді. Әзірлеушілердің 30%-ы үшін бұл өнімнің негізі, ал 52%-ы үшін жеке функция.