Қазақстан мектептерінде ЖИ-технологияларды енгізуді ескере отырып, білім берудің мемлекеттік стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары жаңартылды. 1-4 сыныптарда «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11 сыныптарда «Информатика және жасанды интеллект» пәні пайда болды. Бұл туралы Қазақстан Білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Пәндер жасанды интеллект бөлімдерін және 43 оқу мақсатын қамтиды. Педагогтардың міндеті – оқушыларды ЖИ-мен таныстыру және оны тиімді әрі саналы түрде қолдануға үйрету.
1-4 сыныптарда «Медиасауаттылық және ЖИ» бөлімі аясында 17 оқу мақсаты қарастырылған.
Оқушыларға ЖИ-ді күнделікті өмірде қолдану, цифрлық қауіпсіздік негіздері және деректерді қорғау туралы айтылады.
5-9 сынып оқушылары үшін «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және ЖИ» бөлімдері аясында 14 оқу мақсаты қойылды. Олар сұранысты қалыптастыруға, нәтиженің дұрыстығын бағалауға, академиялық адалдық қағидатын сақтауға үйретіледі.
10-11 сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі аясында 12 оқу мақсаты жоспарланған. Жоғары сынып оқушылары машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және криптография негіздерін үйренеді.
Жаңа бағдарламалар өткен оқу жылында апробациядан өтіп, сарапшылардың оң қорытындысын алды. Қазір олар бекіту сатысында. Мұғалімдер үшін әдістемелік ұсыныстар әзірленуде, деп қорытындылады ведомствоның баспасөз қызметі.