Қытайлық Urumqi Airlines компаниясы Үрімші – Қарағанды, Құлжа (Инин) – Астана және Құлжа (Инин) – Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың компания вице-президенті Чжан Лянмен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлады республика Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық тарап Өскемен және Семей қалаларына, ал болашақта Зайсан мен Қатонқарағайдың жаңа өңірлік әуежайларына рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Urumqi Airlines паркінде қытайлық өндірістің COMAC C909 әуе кемелері бар. Ластаев Лянға осы кемелерді пайдалана отырып, Қазақстанда өңірлік тасымалдар үшін әуе компаниясын құруды ұсынды. Тараптар авиациядағы бірлескен жобаларды іске асыру бойынша диалогты жалғастыруға мүдделілік білдірді.
Urumqi Airlines 2014 жылы құрылған, Қытайда 46 ішкі бағыт бойынша рейстер орындайды. Компанияның 20 кемесі бар, оның ішінде Boeing-737. Бұған дейін тасымалдаушы өз паркін кеңейту үшін тағы 40 қытайлық COMAC C909 жеткізуге тапсырыс берген.