Ақмола облысының Бурабай кентінде Network City технологиялық қалашығы пайда болады. Жобаны өңір әкімдігінің және Network School халықаралық технологиялық қауымдастығының өкілдері іске асырады. Бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің қауымдастық негізін қалаушы Баладжи Шринивасанмен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Табиғи ландшафтты және қолданыстағы қала құрылысы шешімдерін ескере отырып, модульдік инфрақұрылым салу жоспарлануда.
Network City халықаралық инновациялық хабы болашақта Alatau City-ге дейін кеңеюі мүмкін. Болашақта бұл алаң IT-мамандар, кәсіпкерлер және зерттеушілер үшін тартылыс орталығына айналып, жұмыс істеу, оқу және кәсіби қауымдастықты дамыту мүмкіндіктерін біріктіреді.
Бектенов Қазақстанға жаңа технологиялар саласындағы сарапшыларды тартудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, елде ЖИ дамытуға және азаматтардың дербес деректерін қорғауға ерекше назар аударылады.
Кездесуде сондай-ақ бірлескен бастамалар, соның ішінде AI Film Festival-ға қатысу, AI & Digital Bridge халықаралық форумы аясында Network State Conference конференциясын өткізу мәселелері талқыланды.
Баладжи Шринивасанмен келіссөздер қорытындысы бойынша Премьер-Министр бейінді ведомстволарға Network City құрылысы жобасын іске асыруға жәрдемдесуді тапсырды.