Қазақстандық оқушылар Қытайдағы робототехника турнирінде үшінші орын алды

The CaoLu Cup Шанхайда өтті

Жетісу облысы Жыланды дарынды балаларға арналған лицей-интернатының Water 7 командасы The CaoLu Cup халықаралық робототехника турнирінде 2 марапатқа ие болды. Іс-шара Шанхайда өтті, деп хабарлады Қазақстан Білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Оқушылар Inspire Award номинациясында 3-орын алып, Judges' Choice Award (қазылар алқасының марапаты) арнайы жүлдесінің иегері атанды.

Water 7 құрамында 10-11 сынып оқушылары өнер көрсетті. Команданы халықаралық турнирге жаттықтырушылар Айдос Ордабаев пен Алмас Жанатов дайындады.

Бұл жетістік қазақстандық оқушылардың инженерлік ойлауының, командалық жұмысының және технологиялық дайындығының жоғары деңгейін тағы бір рет растады.
Қазақстан Білім министрлігінің баспасөз қызметі

The CaoLu Cup турнирі FIRST Tech Challenge бағдарламасы аясында өткізіледі. Оның қатысушылары роботтарды жобалайды, құрастырады және бағдарламалайды. Бас жүлде үшін Азия елдері мен әлемнің басқа аймақтарынан келген командалар бақ сынасты.