«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық тасымалдаушысы Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту үшін өзінің флотын құра бастады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
KTZ Express Shipping еншілес компаниясы контейнерлерді тасымалдауға арналған әмбебап құрғақ жүк кемелерін салуға келісімшарттарға қол қойды. Келісімдер аясында қытайлық Jiangsu Haizhongzhou Shipping Industry кеме жасау зауыты 4 кеме, ал Баку кеме жасау зауыты 2 кеме салады.
Жобаны іске асыру Қазақстанның ТХКБ-дағы позициясын нығайтуға және бағыттың тұрақты теңіз құрамдас бөлігін қалыптастыруға бағытталған.
Кемелер қандай болады
Өзен-теңіз класындағы дедвейті 9 900 тоннаға дейін және сыйымдылығы 537 ДФЭ-ге дейінгі құрғақ жүк кемелері Каспий және Қара теңіздерде жұмыс істеуге бейімделген. Олар озық басқару және навигация жүйелерімен жабдықталады. Bureau Veritas құрғақ жүк кемелерінің жоғары қауіпсіздік деңгейіне кепілдік береді. Кемелер халықаралық бағыттарда пайдаланыла алады.