Қостанайда студенттер жарыс көлігін жасап шығарды

Жобаны толығымен Baitursynuly University қабырғасында жүзеге асырды

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің (Baitursynuly University) студенттері 2 жыл ішінде жарыс көлігін жасап шығарды. Модель жобаланып, жоғары оқу орнының базасында құрастырылды, деп хабарлады Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Университет ректоры Сейітбек Қуанышбаев студенттік бастама жарыс автомобильдерінің ұлттық брендін құруға көмектесе алатынын мәлімдеді.

Біздің басты міндетіміз – машина жасау саласы үшін білікті мамандарды даярлау.
Сейітбек Қуанышбаев, Baitursynuly University ректоры

Жұмыс Машина жасаудың озық технологиялары орталығында жүргізілді. Автомобильдің әрбір бөлшегі цифрлық форматта жасалды, содан кейін компьютерлік модельдеу арқылы сыналды. Сәтті модельдеуден кейін оның соңғы нұсқасы жасалды.

Жоғары оқу орнының серіктестері бұл жобаға қолдау көрсетті. Кейбір бөлшектер арнайы станоктарда өңделді. Жекелеген компоненттер басқа елдерден сатып алынды.

Қорытынды нұсқасы небәрі 3 секундта 100 км/сағ жылдамдыққа жете алады. Автомобиль бір пилотқа арналған.