Smart Home ақылды үй жүйесін қазақстандық Connected Home компаниясының мамандары әзірледі. Жоба Қазақстан Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл туралы республиканың Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл Wallee контроллері мен ақылды үйдің бағдарламалық жасақтамасы туралы болып отыр. Шешім ғимараттың инженерлік және тұрмыстық жүйелерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін бірыңғай платформаға біріктіреді.
Smart Home жүйесі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, энергоресурстарды басқаруға және тұрмыстық процестерді оңтайландыруға кешенді тәсілді ұсынады.
Жоба коммерциялық нысандарды қоса алғанда, әртүрлі нысандарда сыналды. Қазіргі уақытта Smart Home құрылыс саласында кеңінен қолданылады.
Компания директоры Саят Ақтай датчиктерден түскен барлық сигналдар мобильді қосымшаға түсетінін айтты. Пайдаланушы нақты уақыт режимінде үйдің жағдайы туралы, оның ішінде төтенше жағдай кезінде: судың ағуы, түтіннің пайда болуы, рұқсатсыз кіру туралы ақпарат алады.
Сонымен қатар, контакторлық құрылғының көмегімен үйдегі электрмен жабдықтауды қашықтан қосуға және өшіруге болады.
Компания Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы 15 мың пәтерге ақылды үй жүйесін орнатуға келісімшарт жасасты. Олардың ішінде 7 мың пәтерде Smart Home жұмыс істей бастады.